ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасының қалай қалыптасатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарық арқылы реттеледі. Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар – Қазақстандағы мұнай құны (ішкі бағалар), процессинг (мұнай өңдеу қызметі), салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар шығындары, банк несиесіне қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар», - деді Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме құны, автожанармай құю стансасына дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізуші шығыстары және акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда Аи-92 жанармайының бір литрі 160 теңге болып тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғыз Республикасында баға – 185 теңге (16% жоғары), Өзбекстанда – 261 теңге (63% жоғары), Ресейде – 255 теңге (59%). Өздеріңіз білетіндей, мұнай өнімдерінің нарығы жоғары құбылмалы болады және жанар-жағармай бағасының қалыптасуына әсер ететін бірқатар факторлар бар: РФ және ҚР ішкі нарығында жанар-жағармайға баға белгілеу және қамтамасыз ету, көрші елдермен шекаралас облыстарда жанар-жағармайға баға белгілеу. Аталған жағдайларды ескере отырып, баға өзгеріп тұрады», - дейді вице-министр.
Биылғы 10 наурыздағы жағдайы бойынша мұнай өнімдерінің жиынтық қоры қолайлы деңгейде, атап айтқанда бензин бойынша 225 мың тонна, бұл елдің 20 тәуліктік қажеттілігін қамтуға жеткілікті, ал дизель отыны бойынша 298 мың тонна бар, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 27 тәулікке қамтамасыз етеді.