12 сәу, 2021 сағат 11:08

Энергетика министрі мұнайгаз-химия өндірісі көрсеткішінің төмендеу себебін айтты

Әуе отыны бойынша көрсеткіш 131 мың тоннаға тең. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша отын-энергетика кешенін талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әуе отыны бойынша көрсеткіш 131 мың тоннаға тең, яғни биылғы қаңтар-наурыз айларының жоспарына 100,6 пайызды құрады. Мазут өндірісіне тоқталатын болсам, оның көрсеткіші 681 мың тоннаны құрап, қаңтар-наурыз айларының жоспарына 113 пайызға жетті», - деді министр.

Сонымен қатар, есепті кезеңде битум өндірісі 111 мың тоннаға жетті, жоспарына 92,2 пайызға орындалды. Бекітілген жоспарға қол жеткізу келесі айларда өтеледі. 

«Тұтастай алғанда, мұнайгаз-химия өнімдерінің көлемі 37 мың тоннаға жетті, бұл ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларының жоспарына 46,6 пайызды құрайды. Мұнайгаз-химия өндірісі көрсеткішінің төмен болуының себебі бензол және параксилол өнімдерін шығаратын Атырау мұнай өңдеу зауытының жоғарыда аталған себептермен тоқтауына байланысты болды. Мұнайгаз-химия өнімдерін өндірудің негізгі көлемі аталмыш зауытқа тиесілі екенін атап өтемін», - деді Н. Ноғаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған көрсеткіштердің төмендеу себептері ағымдағы жылдың қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде пайда болған іркіліске байланысты. 

Бұл технологиялық қондырғылардың авариялық тоқтауына әкелді, соның салдарынан жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады.