25 сәу, 2022 сағат 19:00

Энергетика министрі 4 жер қойнауын пайдаланушымен келісімшартты бұзды


ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ кен орындары жер қойнауын игеруге қатысты 27 келісімшарт жасасқан. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Игеріліп жатқан кен орындары – концессиялық кен орны. Әрбір келісімшарттың мерзімі бар. Теңіз келісімшарты 2033 жылы аяқталады, 10 жылдан сәл асатын мерзім қалды. Ол өздігінен бітеді. Келісімшарт табысты, салық төлеп отыр. Кен орындары жекеменшікке емес, уақытша ғана беріледі», - деді Болат Ақшолақов Сенатты өткен Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік қолдағы барлық келісімшартты қарастырып жатыр. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, қазір бүкіл келісімшартты қарастырып жатырмыз. Бейжай қарайтындар, міндеттемесін орындамайтындар, пайдалануға беру мерзімін созып жіберетіндердің келісімшарты кері қайтарылады. Қазірдің өзінде 27 келісімшарт бар. Оның бүгінде төртеуі бұзылды. Бұл жұмыс бір нәрсені мемлекет мүлкіне айналдыру үшін емес, заң бұзушылармен жүргізіліп жатыр. Келісімшартты бұзу - соңғы шара. Біз барлығымен жұмыс істеп жатырмыз. Егер орындалмаса, тіпті орындауға ниеті болмаса, онда әрине, келісімшартты бұзамыз. Бұл - мемлекеттің құқығы», - деді министр.