06 сәу, 2020 сағат 12:10

Enbek.kz порталы арқылы жұмыс табу мүмкіндігі жетілдірілді

Enbek.kz порталында жұмыс іздеушілерге өздерін жұмыс берушілердің алдында көрсете білуге, ал компанияларға неғұрлым қолайлы қызметкерді жылдам табуға болатын қызмет жетілдірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары сәуір айының басында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жаңа құралдармен дағдылар банкін толықтырды. Енді түйіндеме толтыру кезінде пайдаланушылар өз білімі мен іскерлігін дәлірек сипаттай алады. Бұл ретте қажетті параметрлерді таңдау оңтайландырылып отыр. Атап айтқанда жүйе жұмыс іздеушілердің кәсіптері мен мамандықтарына сәйкес келетін дағдыларды, икемділік пен біліктіліктерді өзі көрсетеді. 

«Бұрын Enbek.kz сайты арқылы жұмысқа орналасу кезінде жұмыс беруші мен қызметкер арасында жұмыс тәжірибесі, жалақы мөлшері және атқаратын лауазымына сәйкестігі жөнінде келіспеушіліктер жиі туындайтын. Азаматтардың көбі сайттағы дағдылар банкі қызметкерлерге қойылатын нақты талаптарды көрсетуге мүмкіндік бермейтініне шағымданатын. Енді біз жүйені заманға сай талапқа бейімдедік. Жұмыс берушілермен әртүрлі мамандықтар үшін кәсіби стандарттарды әзірледік. Қазір біз оларды жаңартылған дағдылар банкіне енгіземіз. Ол көп ұзамай пайдаланушылардың талаптарына толығымен сәйкес келетін болады», - деді ЕРДО мамандықтар атласын сүйемелдеу басқармасының басшысы Ольга Киселева.

Жаңашылдықтар қазақстандық жұмыс берушілер қауымдастығы дайындаған 480 кәсіби стандарттың негізінде енгізілді. Enbek.kz сайтында аталмыш жүйе бірінші кезекте жұмыс берушілерге барынша қолайлы мамандардың түйіндемесін, ал ізденушілерге қолайлы мекемелерді көрсетеді. Таңдау кезінде басымдық түйіндемеде және қажетті маманға қойылатын талаптар тізімін толтыру кезінде жазған кілт сөздердің (әр маманның қандай жеке дағдылары бар) сәйкес келуіне негізделмек. Осылайша жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер қажетті нәтижеге жылдам қол жеткізеді.

Жаңартылған дағдылар банкі жақында тесттік режімде іске қосылады. Бірнеше ай ішінде автоматты толтыру негізінде ұсынылатын сұрақтар түрінде ең қажетті дағдылар анықталмақ. Бұл түйіндемені толтыруды және ізденушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетеді. Сондай-ақ, жоба авторлары пайдаланушылардың кері пікірін ала алады.

Еске сала кетсек Қазақстандағы жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындары туралы enbek.kz порталына осыдан үш жыл бұрын ашылған еді. Еnbek.kz порталы арқылы бос орындар туралы ақпаратты жеткізу үшін жұмыспен қамту заңнамасына өзгерістер енгізу қарастырылған. Ол қағазбастылықты жойып, бизнес жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.