13 мау, 2019 сағат 06:55

Enbek.kz арқылы 630 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты

Электронды еңбек биржасының көмегімен 630 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев өзінің  Facebook парақшасында жазды.

«Enbek.kz іске қосылғанына небәрі 1 жарым жыл болды. Қазір ол вакансия мен резюме қоры бойынша еліміздегі ірі порталдардың біріне айналды. Осы уақыт аралығында 985 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланып, 630 мың адам еңбекпен қамтамасыз етілді. Мұнда 732 мың резюме тіркелген. 203 жұмыспен қамту орталықтары осыған жұмылдырылған. Оның 51-і жеке агенттіктер болса, 7-і онлайн-алаңдар. Ал қалған 4-і БАҚ болып отыр», – дейді Н. Мұқышев.

Вице министрдің сөзінше, электронды еңбек биржасы қолданушылар үшін өте ыңғайлы. Яғни, вакансиялар мен резюмелерді аймақтар бойынша сұрыптауға болады. Мамандықтар мен қызмет аясына байланысты да бөлуге болады. Жұмыс беруші үшін де, жұмыс іздеуші үшін де барлық жағдай жасалған.

«Болашақта биржа базасына электронды еңбек келісім-шарттарын енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жұмыс орындарының картасы жүзеге асырылып, онлайн-оқу және арнайы виртуалды консультант жобаларын іске қосу көзделіп отыр», – дейді ол.

Айта кетсек, бүгінгі таңда  Enbek.kz сайты жұмысқа тұру бойынша қызмет ететін ақпараттық агенттіктердің арасында 2 орынды тұр. Бұл жоба іске қосылғаннан бері елімізде жұмысқа тұрушылардың саны 17 пайызға өсті. Осы ретте, еңбекпен қамтылғандардың басым бөлігі жалпы профессияның мамандары екенін айта кеткен жөн (мұғалімдер, дәрігерлер, санитарлық және техникалық қызметкерлер, жүк тасушылар және т.б.). Күн санап мұндағы қызметтер кеңейіп, толықтырылып келеді. Бастысы, ел тұрғындары жұмысқа тез тұрып, ыңғайлы форматтың игілігін көріп отыр. Мұның барлығы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асуда.