ҚР Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді баспанамен қамтуға қатысты заңнамаға өзгерістер енді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрліктің мәліметінше, ҚР Қарулы күштері әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы (ҚР ҚК ӘПОББ) басшысы, подполковник Бауыржан Зекеновтың айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыстан шығып кеткен тұлғалардың пәтер алу ережесіне бірқатар өзгертулер енгізілген.
«Қарулы күштер қатарында 10 жылдан көп, бірақ 20 жылдан аз қызмет еткен, яғни олардың жас мөлшері ары қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген, денсаулығына немесе штат қысқаруына байланысты жұмыстан шыққан тұлғалар бар. Бұрын 20 жылдан аз жұмыс істегендерді баспанамен қамтамасыз ету заңнамада қарастырылмаған болатын. Қорғаныс министрлігі бұрын болмаған қадамға барып, 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген заңда оларды баспанамен қамту мәселесін қайта қарастырды» деді Бауыржан Зекенов.
Оның сөзінше, бұл – жабық әскери қалаларда тұратын санат.
«Қазір олардың жекешелендіруге жатпайтын тұрғын жайын жекешелендіретіндей етіп ауыстырып жатырмыз. Бұл - Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланған тұрғын үй. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ш.Құдайбердіұлы көшесінде тұрғын үй кешені ашылды. Жоғарыда аталған санатқа жататын адамдар осы пәтерлердің кілтіне ие болды. Сонымен қатар, 2020 жылы Алматыда 240 пәтерге арналған тағы бір тұрғын үй кешенін ашу жоспарда бар», - деп ақпарат берді ҚР ҚК ӘПОББ басқарма басшысы.
Анықталғандай, бүгінде Қорғаныс министрлігі заңнамаға сәйкес аталған санат тұлғаларының алдындағы барлық міндеттерін орындап жатыр. Қазіргі Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес тұрғын үй қорын берудің бірыңғай нормасы бар, яғни бір адамға 15-тен 18 шаршы метр аумаққа дейін беріледі деп жоспарлануда.