27 там, 2020 сағат 12:00

Еңбек министрлігі электрондық еңбек шартының пайдасы туралы айтты

Электрондық еңбек биржасында 2,5 миллион белсенді еңбек шарты бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Antikor.Live бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электрондық еңбек шарты – бірегей жоба. Біз қағаздан жасалған еңбек келісімшарттары Кеңес одағынан бері бар екенін түсінеміз және кейбіреу бұл келісімшартты жоғалтып алса, енді бірі дұрыс рәсімдемеген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мұрағаттан анықтама алуға тура келеді. Екі жыл бұрын біз тұжырымдама жасап, онда әр жұмыс берушіні өз қызметкерлерінің еңбек шарттарын тіркеуге міндеттедік», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов. 

Ол электрондық еңбек шартының жұмыс беруші мен жұмысшы үшін қандай пайдасы бар екенін айтты. 

«Жүйенің үш қатысушысы бар, олар – қызметкер, жұмыс беруші және мемлекет. Енді қызметкерге қағаз түріндегі еңбек кітапшасы қажет емес. Ол әрдайым өзінің электронды үкімет порталындағы, электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинетінде қай жерде, кіммен және қашан жұмыс істегені туралы деректерді ала алады. Құжаттардың жоғалуы оған қауіп төндірмейді және құжатты кез келген уақытта басып шығара аласыз. Егер жұмыс беруші қызметкердің құқығын бұзса, қызметкер мұны әрдайым зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және жұмыс режимінен көре алады. Жұмыс беруші қызметкердің құқығын бұзып, оған еңбек кітапшасын бермей қоятын жағдайлар да кездеседі. Электрондық еңбек шарты мұндай мәселелердің алдын алады. Ең алдымен, бұл - қызметкердің құқығын қорғау», - дейді ол.

Электрондық еңбек шартын енгізу келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

«Біз өз тарапымыздан осы қызметтердің жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. 2020-2021 жылдары біз барлық жұмыс берушілерді қолданыстағы еңбек шарты бойынша тіркеуге алуымыз қажет. Бүгінгі күні 55 мыңға жуық жұмыс беруші жұмыс істейді және 2,5 миллионнан астам белсенді еңбек шарттары тіркелген. Жыл соңына дейін біз бұл деңгейді 70-75%-ға жеткізуді көздеп отырмыз және келесі жылы жұмыс берушілермен бірге бұл процесті аяқтаймыз», - дейді Ербол Оспанов.