«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 2017 жылдан бері 1 миллионға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі коронавирус індеті және оның салдарынан экономикада орын алып отырған жағдайда халықтың табысын қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі аса маңызды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа жұмыс орындарды ашуды қолдай отырып, жұмысссыз және өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбекпен қамтылуына жағдай жасайды. Бағдарламаға 2017 жылдан бастап 2 млн-нан астам адам қатысқан. Оның ішінде биыл 430 мың адам қатысып отыр. 956 мың адамға бірден бос орындарға жұмысқа тұруға көмек көрсетсек, 1 млн-нан астам адамға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылған. 395 мың адам әртүрлі оқумен қамтылып, 111 мың адам жеңілдетілген шағын несие мен гранттар арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау алды. Олар өз кезегінде 42 мың жаңа жұмыс орнын ашты. 600 мыңға жуық адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы жұмыспен қамтылды. Белсенді шаралар көрсетілгеннен кейін 269 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқанын да атап өткен жөн», - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап бағдарлама бағыттарын теңгерімді қаржыландыру жолымен 4 жылға 540 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 160 млрд теңгесі - жергілікті бюджеттердің үлесіне тиесілі. Бағдарламаның қаржыландырылуында да тұрақты жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлік секторына басым назар аударылған.
Биыл дағдарысқа қатысты қосымша бөлінген 50 млрд теңге есебінен жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс және грантқа арналған шығындар ұлғайған.
«Бағдарламада оны іске асыру және қаржыландыру жағынан жауапкершілік нақты бөлінгенін атап өткім келеді. Бюджеттік әкімші ретінде қаражаттың 52 пайызына біздің министрлік жауапты. Кредит беру жағынан жауапкершіліктің 25 пайызы - Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 5 пайызы - Ұлттық экономика министрлігіне жүктеледі. 13 пайызы - Білім және ғылым министрлігіне және 5 пайызы - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиесілі», - деді Біржан Нұрымбетов.