Қазақстандықтар сәбиді малдың қиына жуындырған халық емшілерінің әрекетіне наразылық танытып жатыр. Осы әрекет бейнеленген сурет 4 тамызда әлеуметтік желіде таралды. Білім және ғылым министрлігі тексеру жүргізеді.
Алматылық тұрғын Әйгерім Төреқұлова қойдың қиына шомылдырып жатқан баланың суретін Facebook парақшасында жариялады.
"Жалған дәрігерлер тыным таппай келеді. 180 мың оқырманы бар әйел баланы қой қиына шомылдырып жатыр. Ультрадыбыстық тексеру кезінде баланың жүрегі тоқтап қалғаны анықталған. Алайда емші жүкті әйелді сәби аман деп сендіруде. Ол шақалақтың басы орналасқан тұсын анықтап, әйелдің ішіне май жағып, кіндігі арқылы жүрек қағысын естіп білдім деп отыр. Адамгершіліктен жұрдай", - деп наразылық танытты алматылық.
Білім және ғылым министрлігі осы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Балалардың құқығын қорғау комитеті шара қабылдау үшін ішкі істер министрлігіне ресми хат жолдамақ.
Құзырлы орган өкілдері емшінің әдісімен жалған емдеу балаларға физикалық және психикалық тұрғыдан нұқсан келтіретіні туралы ескертті.
"Өкінішке қарай, ата-ананың сенгіштігі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына қамқорлық жасау ата-ананың міндеті. Ата-ана (заңды өкілдер) өз баласының өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша жауапты болатынын білуі тиіс.
Сондай-ақ, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін", - деді комитет өкілдері.
