Португалияның Лиссабон және Синтра қалаларында қарашаның 16-ы мен 25-і аралығында өткен 12-ші халықаралық LEFFEST кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды. Фестивальдің «Үздік фильм» жүлдесі қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильміне бұйырды. Аталған кинотуынды фестивальдің негізгі конкурсына қатысып, Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің фильмдерімен үздік атануға таласты.
– Үздік фильм үшін бас жүлдемен Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі марапатталады. Ерекше мәнерде түсірілген тамаша фильм. Бұл туынды бізді өзектілігімен, жоғары деңгейімен алғашқы кадрдан-ақ таңқалдырды, – деді сахна төрінен қазылар алқасының мүшесі Марта Аргерих.
Айта кетсек, қазылар алқасының құрамына өнердің түрлі салаларында жұмыс істейтін қайраткерлер кірді, олар: Уолтер Салис және Джонатан Литтел есімді режиссерлер, американдық актриса және әнші Криста Белл, аргентиналық пианист Марта Аргерих, дирижер Ситвен Ковачевич және суретші Джордж Куэрос.
Жалпы LEFFEST кинофестивалінде бар жоғы үш жүлде – «Үздік фильм» (кино тіліндегі ең инновациялық және көркем түсірілгені үшін), «Қазылар алқасының үлкен жүлдесі» (көркемдік жағынан ерекшеленгені үшін) және «Арнайы жүлде» табысталады. Айта кетсек, Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі 2013 жылы фестивальдің «Қазылар алқасының үлкен сыйлығы» жүлдесімен марапатталған болатын.
Сонымен қатар, фестивальдің марапаттау рәсімінде «Әлемдік кинематографқа қосқан үлесі» жүлдесі отандық режиссер Дәрежан Өмірбаевқа табысталды.
Айта кетейік, бұл фестивальде режисердің ретроспективасы ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Амирикадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығымен марапатталды. Фильмнің азиялық тұсаукесері
Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «көңіліңді бірден баурап алатын, нағыз кино тілімен бейнеленген фильм» жүлдесіне ие болды.