17 қаз, 2018 сағат 18:08

Эмир Байғазиннің фильмі «Азиялық Оскар» байқауына қатысып жатыр

«Азиялық Оскар» ретінде танылған, жыл сайын өтетін «Asia Pacific Screen Awards» белді киножүлдесі үміткерлердің тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табыстар» номинациясынан көрініп отыр. 12-ші Asia Pacific Screen Awards жүлдесінің жеңімпаздарын Аустралияның Брисбен қаласында 29 қарашада жариялайтын болады.

Айта кетсек, Эмир Байғазин 2013 жылы «Асланның сабақтары» фильмі үшін осы аталымда бақ сынап, киножүлденің жоғары бағасына ие болған (Hight commendation) еді.

Одан бөлек, «Өзен» фильмі Лос-Анджелесте өтетін Asian World film festival кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады. Сондай-ақ, аталған кинотуынды Варшавадағы және Сан Паолодағы фестивальдің арнайы бағдарламаларында көрсетіледі. Ал «Өзен» фильмінің азиялық тұсаукесері үстіміздегі жылы 25 қазан мен 3 қарашада Токиодағы халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы шеңберінде өтеді.

«Өзен» фильміне қатысты жаңалықтар мені және менің командамды әрине қуантады. Осы орайда,  командама алғысымды білдіргім келеді. Олар тек маған емес, сонымен қатар менің идеяларыма қашан да адал. Сондай-ақ, маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген Мәдениет және спорт министрлігінің башылығына алғыс айтамын. Болашақта да қарым-қатынастарымыз нығайып, ортақ табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», -  деді режиссер.

Айта кетерлігі, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын.

Еске сала кетсек, бұған дейін Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі Голливудтік баспасөз қауымдастығының грантын алған болатын.