28 қаң, 2020 сағат 14:00

Елжан Біртанов Қытайға барып келген қазақстандықтарға үндеу жолдады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдан келіп жатқан қазақстандықтарға үндеу жолдады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытайға барып келген Қазақстан азаматтарына бір нәрсені айтқым келеді. Олармен байланысқа шығу мүмкін болмай жатады. Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан және оған көршілес елдерден келген барлық азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға келуі керек және өз дәрігеріне тіркеуге тұрып, денсаулығын тексертуі қажет», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Бұл өз қауіпсіздіктеріңіз үшін керек. Біздің медициналық мамандар бақылау жүргізіп, денсаулығыңыз нашарлаған жағдайда шара қабылдаса, өзіңіз бен отбасыңыздың өзге мүшелеріне төнетін қауіп сейіледі», - деді Елжан Біртанов.

Бұған дейін министр Уханнан жеткізілген қазақстандық студенттердің арнайы корпуста тексерілетінін айтқан еді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір Қытай аумағында 1300 қазақстандық бар. Оның 635-і Хайнань провинциясында жүр, 204 адам - елшілік пен консулдықтың, компаниялардың қызметкерлері, олардың отбасы және 445 қазақстандық жалпы Қытай аумағында жүр. Қазіргі уақытта ҚХР аумағынан 25 858 адам келді.

Оның арасында қызуы көтеріліп келген 23 жолаушының төртеуі ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызылды.