Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент Мәжілісінде қабылданған «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бірақ біз жолдың жартысын ғана басып өткенімізді айтқым келеді. Жұмыс әлі аяқталған жоқ, әлі де көп іс тындыру керек. Бірақ қазірдің өзінде Мәжілістегі Кодекс жобасын қарау барысында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау және темекіні тұтынуды реттеуге қатысты нормалар туралы консенсус табылды», - деп жазады министр Facebook парақшасында.
Министрдің хабарлауынша медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесіне жеке бөлім арналып отыр.
«Президенттің бұйрығымен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рөлін күшейту және оны нығайту нормалары қарастырылды. Денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң бұрын соңды дәл осындай ашық әрі кең ауқымда талқыланған емес! Жұмыс тобының 42 отырысы өтіп, 1000-нан астам түзету енгізілді, Нұр-Сұлтан, Алматы, облыстарда, көптеген отандық және халықаралық сарапшылардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің қатысуымен 11 қоғамдық талқылау болып өтті», - дейді ол.
Министр Қазақстанның облыстарына жасаған жұмыс сапарында әріптестеріне Кодекс жобасының нормаларын өзі таныстырғанын айтады.
«Біздің саламыздың болашақ дамуын шынайы қалайтын адамдардың бәрі 2018 жылдан бастап өз ұсыныстарын білдіріп келе жатыр. Сонымен қатар, осы қыста біз Үкіметтік емес ұйымдардан 16 жаңа ұсыныс қостық. Парламент Мәжілісі қабырғасында, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында халықтың ерекше назарындағы нормаларды кеңінен талқыладық. Біз бұны құптаймыз, өйткені Кодекс жобасы әлеуметтік маңызды құжат болғандықтан, қоғамнан белсенді реакция күткен едік», - деп жазады министр.
Елжан Біртанов бұл ретте вакцинация мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтады.
«Кейінгі кезде әлеуметтік желілелерде Кодекске, оның ішінде міндетті вакцинация, сапасыз вакцина мен сатып алу міндетін дұрыс орындамайтындар, вакцинаны дұрыс тасымалдамайтындар мен вакцинадан кейінгі қиындықтар туралы әңгіме жиі көтеріліп кетті. Бұл – қоғамдық сананы ашық манипуляциялау. Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі емес! Бүкіл әлемдегі секілді біздің елде екпе жасату – ерікті және міндетті болады. Бірақ әрбір жағдайда ата-аналардың ақпараттық түрде келісім беруге немесе вакцианциядан бас тартуға ҚҰҚЫҒЫ болады! Екпе жасалмаған балалардың құқығын шектейтіндей ешқандай норма жоқ. Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ететін, яғни балабақшаға баратын БАРЛЫҚ баланың денсаулығын ҚОРҒАЙТЫН тек бір норма бар», - деп сөзін жалғастырды Біртанов.
Министр келтірген мәліметке сәйкес 2019 жылы 4 841 334 екпе жасалып, 6003 жағдайда екпе жасатпайтындарын айтып, бас тартқан (тек 0,12 пайызы). Осы 4 841 334 адамның ішінде тек 143-і екпеден кейін жайсыз күйді (температураның көтерілуі, терінің қызаруы) сезінген (0,003 пайызы). Ал Қазақстанда вакцинадан 2019 жылы бірде-бір адам көз жұмбаған.
«Қазақстандағы әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандартына сай келеді», - деді министр.
Қазақстанда вакцинаның сапасын қадағалау – оны тіркеу кезеңінен басталады. Алдымен вакцинаның құжаттар тізімінің толыққанды анализі жүргізілсе, Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары өндіріс алаңына барып, алгоритмге сәйкес олардың стандарттарын тексереді. Екінші аналитикалық кезеңде вакциналарға лабороториялық зерттеу жүргізіліп, клиникалық зерттеу тарихы мен вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі қаншалықты екені тексеріледі. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясы – қауіпсіздік пен сапа бойынша тағы бір сынақтан өтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатылып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі. Елжан Біртанов өз жазбасында заң жобасын қараған Мәжіліс төрағасы мен депутаттарға, сарапшыларға алғысын айтты.
«Кодекс халықтың денсаулығы үшін қазіргі заманның тегеурініне жауап берер деген сенімдемін. Кодекс заманға сай әрі дамыған денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған, осы бағыт біздің медицинаның деңгейін жаңа белеске көтерер деген сенімдеміз», - деп түйді Елжан Біртанов.