Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты отставкаға жіберу туралы тараған видеоүндеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау саласына қатысты соңғы қайғылы жағдай – әртүрлі, бір-бірімен байланысы жоқ оқиғалар (Атыраудағы сәби өлімі, Алматыдағы дәрігерлердің тұтқындалуы мен жас дәрігерлердің видеоүндеуі). Әр жағдай бойынша жеке жұмыс жүргізу керек. Менің ойымша, осы ретте менің әріптесім Елжан Біртанов қастық ойлағандар үшін қолайлы нысанаға айналған секілді. Ештеңе бітірмеген адамды ғана ешкім сынамайды. Ал Денсаулық сақтау министрлігі соңғы жылдары қыруар жұмыс жүргізді. Салада жүйелі өзгерістер болып жатыр. Мұндай жағдайда ашықтық пен сапаны бақылау ісіне пайда таппайтын көңілі толмайтындар қашан да табылады», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр аталмыш видеоны көргенін айтты.
«Министрліктің мәлімдемесіне алып-қосарым жоқ. Ереже мен заң бар. Оған бағыну керек. Мемлекет болашақ дәрігерлер үшін қаражат бөлді. Ал олар оқу біткеннен кейін бірден жіберген жұмыста істеуге міндеттелді. Олардың бәрі де тиісті құжатқа қол қойған. Бұл мамандардың бәрін кадрлар дефициті анық сезілетін ауылдар, аудан орталықтары, ауруханалар күтіп тұр. Айналып келгенде бұл - ауқымды тәжірибе. Ешқандай резидентура аталған міндеттемелерден бас тарту жолына айнала алмайды. Бұл - келісімнің бұзылуы», - деді ол.
Дәурен Абаев бұл жерде мәселе министрде емес екенін атап өтті.
«Бұл жерде мәселе министрде емес. Олар кімді болсын орнынан кетіруді талап ете алады. Алайда келісімге қол қойдың ба, міндеттемеге сай жұмыс істеуге тура келеді. Жалпы, бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі ешкімнен жасырынып жүрген жоқ. Сынағандардың бәрімен кездесіп жүр. Диалогқа дайын екенін әрдайым мәлімдейді», - деді Дәурен Абаев.