17 ақп, 2023 сағат 19:15

Елші мен вице-министр Түркияның СІМ басшысына Қазақстан атынан көңіл айтты

Фото: kz.vesti.news

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлына Қазақстан басшылығы мен қазақ халқы атынан елде орын алған жер сілкінісінен қаза тапқандарға көңіл айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев пен Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлына және барша түрік халқына көңіл айтты.

Тараптардың әңгімелесуі барысында табиғи апат орын алған алғашқы күннен бастап Қазақстанның Түркияға жан-жақты көмек көрсетіп жатқаны айтылды.

Қазақстандық құтқарушылар мен дипломаттар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Табиғи апат болған аймаққа гуманитарлық көмек пен адамдарға қажетті өзге де заттар уақытылы жеткізілу үстінде.

Өз кезегінде түрік министрі Түркияның барша тұрғындары атынан бауырлас қазақ халқына қиын-қыстау сәтте көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.

«Екі ел арасындағы қарым-қатынас шынымен де бауырластыққа құрылған. Оған дәл осы қиын сәтте көзіміз жетіп отыр», - деді Мевлют Чавшоғлы.

Кездесу Газиантеп қаласының әуежайында болды. Дәл осы әуежайға Қазақстаннан гуманитарлық жүк тиелген арнаулы борт келіп қонған еді.

Гуманитарлық жүк Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгін таңертең Түркияға жөнелтілген болатын. Көмектің жалпы көлемі - 55 тонна.

Қазақстаннан жеткізілген гуманитарлық жүк ең бірінші кезекте қажетті заттар болғандықтан әуежайдан бірден Кахраманмарашқа жіберілді.

Бұл өңірде адамдар баспанасыз қалып, көмекке мұқтаж болып отыр.

Жүктің ішінде жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар бар.