Астана процесі Женева форматынан келіссөздерге үлкен уағдаластықтың басты ұстанымдарын айқындау үшін үйлестірілген ұстаныммен баруымен ерекшеленеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Мұндай пікірді Әзербайжан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Фархад Мамедов білдірді.
«Ресей, Түркия және Иран соңғы айларда келіссөздер процесіндегі динамикаға және нақты мәселелер бойынша шешімдерге қол жеткізуге ерік-жігер танытуда. Сирия билігі мен сириялық оппозицияның ірі жасақтарының өкілдері тіпті, кейбір мәліметтерге қарағанда, Сауд Арабиясының өкілдері аталған форматтағы кездесуге қатысуға келіскен. Бұл Сирия ауқымының кеңейе түскендігі жайында айтуға мүмкіндік береді. Онда ұстанымдарды үйлестіріп, қысқа және орта мерзімді мақсаттарды айқындауға әрі оларды жүзеге асыру қадамдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Кездесу орны да тосыннан іріктеп алынған жоқ. Өйткені, Қазақстан мұсылман мемлекеті саналады. Оның үстінде, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне халықаралық аренадағы мығым ұстанымы бар ел ретінде тұрақты емес мүше. Келіссөздерге қатысушылардың (Ресей, Иран мен Түркия басшылары) арасындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі барынша жоғары нәтижеге қол жеткізуге және болашақта дәл осы Астанада келіссөздерді жалғастыруға жағдай жасайды. Астананың жанжалдарды реттеу және жоғары деңгейдегі келіссөздерді өткізу үшін азиялық Женеваға айналуға әлеуеті жеткілікті екендігі сөзсіз», - деді Фархад Мамедов.