22 қыр, 2020 сағат 07:17

Елордалықтарды толғандыратын өзекті мәселелер көтерілді

Елордада «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризіне қатысушылар арасында кезекті пікірсайыс өтті. Олар дебат барысында өздерінің сайлауалды бағдарламалары туралы айтып, тікелей эфирде қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Үміткерлер сондай-ақ елорданы дамытудың нақты шараларын ұсынды. 

Дебатты «Nur Otan» партиясы астаналық филиалының төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кіріспе сөзімен ашты. Ол өз кезегінде Есіл аймағында праймеризге 167 адам қатысып жатқанын және олардың 43 пайызы жастардың мүддесін қорғайтынын айтты. 

– Нұр-Сұлтан қаласында партия мүшелері өздерін белсенді түрде көрсетіп жатыр. 51 мың партия мүшесінің 4,3 мыңы праймеризге қатысуға өтініш білдірді, бұл елдегі ең көп өтініш, – деді әкім. 

Пікірсайыстар барысында елорда тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, білім беру саласын дамыту, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және тағы да басқа өзекті мәселелер тілге тиек етілді. 

Пікірсайысқа қатысушылардың бірі білім беру үрдісіндегі барлық жақсартулар мұғалімдерді қолдау арқылы жүзеге асатынын, медицина саласын жақсарту үшін дәрігерлерді әлеуметтік қолдау керек екенін, аталмыш мамандардың жалақыларын көтерудің маңыздылығын, сондай-ақ, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету керек екенін атап өтті. 

Келесі бір қатысушы қоғамдық бастамалар порталын құрудың маңызды екенін сөз етті. Ол сонымен қатар әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптарын көтеруді, сондай-ақ жеке сектордың білікті өкілдері тартылуы үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жоғары болуы керек екенін жеткізді. 

Өзекті мәселелердің бірін праймеризге қатысушы Салтанат Қапесова айтты. Ол жас ұрпақты дәстүрлі құндылықтар негізінде тәрбиелеудің артықшылықтары туралы баяндады. 

– Біздің балаларымыз қазір қатыгездік жиі көрсетілетін ашық ақпараттық ортада өмір сүріп келеді. Нәтижесінде, бұл баланың жеке дамуына да, жалпы қоғамға да әсерін етеді. Сондықтан, тұжырымдаманы әзірлеу, барлық аймақтардағы еркін үйірмелер мен секциялар санын көбейту, балалардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған анимациялық бағдарламалар мен көркем бағдарламалар өндірісін ұлғайту маңызды деп санаймын. ЖОО мен мектептерде медиа білім беру сабақтарын енгізу маңызды, – деді Салтанат Қапесова. 

Пікірсайысқа қатысушылар басқосу кезінде экологиялық бастамалар үшін жастар орталықтарын құрудың, шығармашылық мамандықтарындағы адамдардың мәртебесін көтерудің маңыздылығын жан-жақты талқылады.