фото: Baq.kz
Елордалық жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері әлемдік деңгейдегі Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаны гүл шоғымен, әсем әнмен және ыстық ықыласпен қарсы алды.
Әуежайға келген жұрттың арасында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сапиев те болды.
Нұр-Сұлтанда спортшыны бірқатар кездесу күтіп тұр.
"Ертең сағат 15:00 Ритз-Карлтонда барлық маңызды сұрақтарыңызға жауап беремін. Келгендеріңізге көп рахмет!" - деп қысқа қайырды теннисші.
Еске салайық, күні кеше Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өткен Уимблдон турнирінің чемпионы атанған.
Ол финалда әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен ойнап, жеңіске жеткен. 1 сағатқа созылған кездесуде жерлесіміз үш сетте 3:6, 6:2, 6:2 есебімен басым түсті.
Рыбакинаны тарихи жеңісімен алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.