24 сәу, 2020 сағат 17:25

Елордалық дәмханалар карантинде қалай жұмыс істеп жатыр

20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин жеңілдеп, бірқатар кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы жанданған еді. Қоғамдық тамақтану нысандарының да жеткізу қызметі сағат 22:00-ге дейін ұзартылды.

Осы орайда елордалық «Buter Bro» ЖШС директоры Мұрат Сапабеков ҚазАқпарат тілшісіне карантиннің бизнеске қалай ықпал еткенін айтып берді. 

«Біздің компания 2015 жылы қаланың оң жағалауында ашылған еді. Стрит-фуд бағытында айтарлықтай танымал орынға айналдық деп айта аламын. Биыл елорданың сол жағалауынан тағы бір филиалымыз ашылды. Ашылғаны сол-ақ еді, пандемия басталып, елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл режим біз секілді талай шағын және орта бизнеске әсерін тигізді», - дейді М. Сапабеков. 

Оның айтуынша, компания тағамдары жеткізу қызметі арқылы ғана қолжетімді. Тұрғындардың өзі келіп, алып кетуіне тыйым салынған. 

«Осыған байланысты, қосымша курьерлер жалдап, Wolt қосымшасымен жұмыс істей бастадық. Жеткізуде барлық санитарлық нормалар сақталады. Яғни, курьерлеріміз қорғаныс құралымен, медициналық маска, қолғаппен қамтамасыз етілген. Бір тапсырысты жеткізген соң, міндетті түрде қолын санитайзермен өңдеп, қолғабы мен маскасын, бір реттік қорғаныс киімін ауыстырады және келесі тапсырысты жеткізге аттанады», - деп түсіндірді компания өкілі. 

Тапсырысы жеткізуде де клиенттермен 2-3 метр ара қашықтық сақталады. 

«Карантиннің бізге пайдалы тұстары да болды. Мәселен, екі жыл бойы кейінге қалдырып келген интернет-сайтымызды бір түнде жасап шығардық. Қазір осы сайт пен мобильді қосымша, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымыз арқылы тапсырыс қабылдаймыз. Мұнда клиент курьердің өзіне жақындамауын, тапсырысты қалдырып, 2-3 метрге алшақтауын талап ете алады. Мұның бәрі - қауіпсіздік мақсатында қолға алынған шаралар. Тапсырыс ақысын да клиент онлайн карта арқылы қашықтан жібереді», - дейді М. Сапабеков. 

Дәмхана қызметкерлері де жұмыс орнында барлық гигиеналық талапты ұстанады. 

«Күнделікті сағат 11:00-де жұмысқа келіп, санитайзермен қолымызды, үстелдерді сүртіп шығамыз. Әр екі сағат сайын кварц лампасын 20 минутқа қосып қалдырамыз. Еденді де ылғал шүберекпен бірнеше рет сүрту заңдылыққа айналды. Әрине, ТЖ салдарынан бұрынғыдай тұтынушылар легі байқалмайды. Дегенмен, бір орында тоқтап қалмай, тапсырыстар арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Каратиннен ертерек шығып, сүйікті келушілерімізбен тезірек қауышқымыз келеді», - деді М. Сапабеков. 

Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мемлекеттік комиссиясы бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын бастайтын кәсіпкерлік субъектілердің тізімін бекітті. 

Тізімде өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қойма компаниялары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу және екінші деңгейлі банктер бар.