Елордада күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатына бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпионы мен жүлдегері келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР грек-рим күресінің вице-президенті Дәулет Тұрлыханов «Барыс-Арена» стадионында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Чемпионатта 1002 балуан бақ сынайды. Олар 104 елдің намысын қорғайды. Ол туралы ақпарат таратуға 250-ден астам журналист тіркелді. Өйткені елорда төріне бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпионы мен жүлдегері келе жатыр. Оның ішінде қонақ ретінде тамашалайтын ардагерлер де, медальға таласатын балуандар да бар. Атап айтсақ, қазақстандықтарға етене таныс болып кеткен Александр Карелин, жас америкалық жұлдыз Кайл Снайдер, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, жапониялық әйгілі чемпион Каори Итё, Артур Алексанян, Лопес Нуньес, Қазақстанның тумасы Валерий Рязанцев, Беларусь спортшысы Камандар Маджидов, Ираннан әйгілі Расу Хадем келеді», - деді Дәулет Тұрлыханов.
Оның айтуынша, бұл жолғы чемпионат грек-рим шеберлері үшін нағыз сыналатын сәт болмақ.
«Грек-рим күресінен әлем чемипонатының «алтынын» алмағанымызға 20 жыл болыпты. Өз кілемізде сол олқылықтың орны толуы тиіс. Соңғы кезде әлем чемипонаты мен Олимпиада ойындарында бокс пен ауыр атлетикадан абыройымыз биіктеп жүр ғой. Солардың сапына балуандарымыз да енуі керек. Боксшыларымыздың жеңісті жолын балуандар жалғастыруы керек», - деді федерация өкілі.