«Арыс, бір біргеміз» акциясы аясында арыстықтарға гуманитарлық көмек беру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан облысына «Қамқорлық» көмек керуені жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көмек керуені Бәйтерек монументінің жанынан жолға шықты. Арыстықтарды қолдау мақсатындағы айтулы шараға ресейлік «МУЗ-ТВ» арнасының директоры Арман Дәулетияров, отандық эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Сәкен Майғазиев, Бауыржан Исаев, Ернар Садырбай, ағайынды Жүгінісовтер, актер Әділ Ахметов келді.
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбайұлының айтуына қарағанда, көмек керуенін бірнеше мекеме жасақтаған. Атап айтқанда, Қ.Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернаты, «Қазреставрация» мекемесі мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы, «Астана Опера» театр және балет театры, Ұлттық академиялық кітапхана, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен «Қазақ Туризм» компаниясының қызметкерлері керуен жасақтап, Арысқа азық-түліктер мен тауарларды жөнелтті.
«Арыста болған жағдайға байланысты Мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлованың бастамасымен біздің ведомствоға қарасты өнер ошақтарының басшылары, өнер адамдары жұмылып, Арыс халқын рухани қолдау мақсатында Шымкентке кеткенін білесіздер. Мұндағы мақсат - ән айту немесе би билеу, тұрғындар рухани тұрғыда қолдау екенін атап өту керек. Әншілер өз қалталарынан 16 млн теңге жинап, Арысқа көмектесуге арналған шотқа аударды. Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлері бір күндік жалақысын берді. Одан бөлек, екі қалада көмек штабын құрды. Сол штабтың жұмылдыруымен 2 қаладағы 3 штабтан 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, макарон өнімдері, дәрі-дәрмек, матрас, жастық, көрпе, киім-кешек жиналды. Бәрі де жиналған сомаға сатып алынды», - деді Айдар Қырықбайұлы.
Арыстықтарға қолдау білдіру шарасында Мәскеуден арнайы ұшып келген МУЗ-ТВ» арнасының директоры Арман Дәулетияров та сөз сөйледі. Оның айтуынша, Арыстағы қайғы - бәріне ортақ.
«Ұшақтан жаңа ұшып келдім. Арыстағы оқиға - біздің ортақ қайғымыз. Қазақ болғандықтан емес, қарапайым адам ретінде арыстықтардың қайғысын бөліскіміз келеді. Өз тарапымыздан көмек бердік. Ешбір жерде мұндай қайғы болмасын», - деді Арман Дәулетияров.
Өз кезегінде «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін атап өтті.
«Осындай кезде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты өнер ошақтарының атынан қолымыздан келгенше көмек беріп жатырмыз. Сол жақтағы адамдар жалғызбыз деп ойламасын. Бөліссең ғана қайғы азаяды», - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.