01 нау, 2022 сағат 13:05

Елордадағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтары қойылды


1 наурыз – Алғыс айту күніне орай елордадағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және қала тұрғындары қатысты. 

«Ең алдымен Алғыс айту күнінде барлық азаматтарға ел дамуына үлкен үлес қосқаны үшін үлкен алғыс білдіремін! Алғыс айту – бұл біздің халқымызда бөлек бір мәдениет. Біз әрқашан бір-бірімізге алғыс айтып жүреміз. Мәселен, қазір де қасымызда көшелерді қардан тазартып жүрген адамдарға алғыс айтқым келеді. Бүгінгі шараға келген журналистерге, ұлттық мәдени орталықтардың қызметкерлеріне, татулық бағытында жұмыс істеп жүрген барлығына мың алғыс!», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров.

Сонымен бірге, Ассамблея атынан сайланған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Алғыс айту күні осымен жетінші жыл қатарынан аталып өткенін айтты. 

«Бұл ерекше мәнді мереке, көктемнің алғашқы күнінде біздің Ассамблеяның құрылған күнімен тұспа-тұс тағайындалған еді. Осы мемлекеттің этностарының бірлігін көздің қарашығындай сақтауды бізге үйреткен тұлғаның тағайындаған мерекесі. Сондықтан біз бүгінгі таңда Қазақстан этностарына өзіне жасалған жақсылықты еселеп қайтарған халықтардың бәріне біз де алғыс айтамыз!», - деді С. Абдрахманов.

Айта кетейік, 2016 жылдың 14 қаңтардан бастап 1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған. Бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті. Дәл осы күні 1995 жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді.