04 қар, 2021 сағат 20:39

Елордада жалдамалы пәтерге кездесуге барған жігітті ұрып-соғып, тонап кеткен


Елордалық 24 жастағы тұрғын полицияға тоналғанын хабарлап, арыз берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, ол көшеде екі қызбен танысып, телефон нөмірлерін алған. Екі күннен кейін қыздардың бірі «Ватсап» мессенджері арқылы жігітке таныстықты жалдамалы пәтерде жалғастыруды ұсынған. Осы мақсатта жігіт бір тәулікке пәтерді жалға алып, үйге жаңадан танысқан қызды құрбысымен бірге шақырған. Ішімдік ішіп алғаннан кейін жігіт пен қыз жатын бөлмеге кіріп кеткен. 30 минуттан кейін екі бейтаныс жігіт бөлмеге кіріп келіп, кезекпен жәбірленушіні ұрып-соғып, ақша талап ете бастаған. Олар жәбірленушіден «Айфон 12» ұялы телефонын және «Apple» маркалы смарт сағатын алып кеткен. Осылайша олар 650 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Жедел іздестіру шаралары барысында «Алматы» ауданының полицейлері кісі тонады деген күдікпен төрт күдіктіні, атап айтқанда, 18 және 19 жастағы екі қыз бен екі жігітті ұстады. Тергеу барысында «оңай ақшаны» көздеген топ қылмысты алдын ала жоспарлағаны анықталды. Жастар кінәсін мойындады, олардан «Аpple» маркалы смарт сағаты тәркіленді, олар телефонды сатып үлгерген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.