Елордада коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыратын тұрғындардың саны азайып барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Вакцина - бұл COVID-19-ды жеңудің ең қуатты қаруы және біз мүмкіндігінше көп адамның вакцина қабылдауы үшін барлығын жасап жатырмыз. Вакцинациялау бойынша уақытша пункттеріміз вакцинацияны қажет ететін тұрғындардың көбірек санын қамтуда маңызды рөл атқарады. Естеріңізге сала кетейін, халықтың 60 пайызында иммундық қабат болмайынша, ауру ешқайда кетпейді. Әдеттегі өмір салтына қаншалықты тез оралатынымыз біздің азаматтарымыздың санасына байланысты. Мұны тек тұрғындардың бірлескен күшімен жасауға болады»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, соңғы айда вакцинация қарқынының төмендеуі байқалған, мамыр айында вакцинация алғандардың саны сәуір айымен салыстырғанда 46 пайызға кеміген.
«Сондықтан мен әлі де COVID-19-ға қарсы вакцинация алмаған барлық азаматтарды міндетті түрде вакцина қабылдауға шақырамын. Елордадағы эпидемиологиялық жағдай мен коронавирустық инфекцияның өсуі біздің жүріс-тұрысымызға және алдын алу іс-шараларын қаншалықты ескеретінімізге тікелей байланысты. Сондықтан әр азаматтан осы вирусты жеңу үшін вакцинация алуға уақыт бөлуді сұраймын. Таңдауды денсаулық үшін жасайық», - деді Сархат Бейсенова.
