20 ақп, 2021 сағат 11:21

Елордада үй қызметшісі пәтер иесін тонап кеткен

Нұр-Сұлтан қаласында үй қызметшісі пәтер қожайынын тонап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияға пәтерінен қаражаттың ұрланғанын хабарлаған қала тұрғыны арыз түсірген. 

Ол жақында ғана үйінде жұмыс істеген қызметші әйелден күдіктенген. 

45 жастағы әйел ақпан айының басынан бастап осы үйде жұмыс істеген. 

Бастапқыда жұмыс берушілер тарапынан шағым болмаған. 

Ақпан айының ортасында ол үй иелерінің үйде болмаған сәтін пайдаланып, шкафтан ақша ұрлаған. 

Ұрланған қаражат сомасы - 300 мың теңге. Пәтер иесі ақшаның жоғалғанын байқағанша, әйел осы үйде жұмыс істей берген. 

Полицейлер ұрлық жасады деген күдікпен әйелді ұстаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Күдікті кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.