19 мау, 2020 сағат 14:45

Елордада Тұрсын Жұртбай мен Нұрлан Дулатбековтің кітаптары таныстырылды

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» сериясын таныстырды. Жоба аясында елордада ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен профессор әрі депутат Нұрлан Дулатбековтің кітаптарының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отырар» кітапханасында кітаптардың тұсаукесеріне авторлардың өздері мен зиялы қауымның бірқатар өкілі қатысты. Жиында модератор болған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов аталмыш жоба аясындағы жұмыс туралы айтып өтті.

«Ғұмырнамалық зерттеулерді, Абай шығармашылығы туралы монографияларды, дерекнамалық еңбектерді, жаңа технологияларға негізделген оқу-әдістемелік жұмыстарды танымдық сериалдық басылым түрінде ұсынып отырмыз. Басты мақсат – Абайтануға қатысты жаңа сипаттағы ғасырлық аспектідегі ғылыми зерттеулерді ғылыми қоғамға, әсіресе жастарға насихаттау», - деді Ерлан Сыдықов.

Белгілі абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының арнайы жобасымен шығарылған «Білмей мұны жазған жоқ» еңбегі Абай өлеңдері мәтіндеріндегі айырмашылықтарды қолжазбалар негізінде салыстыру арқылы талдап, салмақты қорытынды шығаруымен маңызды. Еңбек екі үлкен бөлімнен түзілген.

Абай өлеңдерінің түпнұсқасы, дәлдігі абайтанудың әлі шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселесі екені белгілі. Авторлық қолжазба нұсқасы сақталмағандықтан бірнеше нұсқалы көшірмелер арқылы қағазға түскен өлең мәтіндері нақтылауды қажет етеді. Т.Жұртбай еңбегінде Шығыс Түркістан аймағындағы Зият Шәкерімұлы қолындағы Абайдың 1909 жылғы жинағы, Шәкерімнің қолжазба дәптерімен салыстырылып көшірілген Шериаздан Марсековтың нұсқасы, сондай-ақ бізге беймәлім Хаткер-кәтіптің 1909 жылғы кітаптан көшірген қолжазбалары негізге алынып, салыстырмалы талдаулар жасалған.

Сонымен бірге Тұрсын Жұртбайдың «Кешегі өткен би Құнанбай» еңбегі қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының шынайы бейнесін тарихи шындық тұрғысынан танытуға бағытталған. Автор әуелі көркем бейне ретіндегі Құнанбайға таңылған әрекет пен тағылған айыптауларға назар аударып, бұлай болуының себептерін талдап көрсетеді. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы – Құнанбай мен Абай – әке мен бала – бір-біріне мүлде кереғар қалыпта көрінеді. Ескі мен жаңаның бітіспес тартысы да осы екі тұлғаның бойына жинақталады. Құнанбайдың күрделі болмысын қайшылықты сипатта таныта отырып, оны қатыгез билеуші, ескінің қалт етпейтін сақ қорғаушысы етіп бейнелеу сол кездегі идеологияның қатаң талабынан туындаған. Автор осы мәселерге ерекше назар аударып, өмірдегі Құнанбайдың шынайы болмысын, бір бойында ірілік, қайраткерлік, қаталдық тоғысқан дала шонжарының ерекше қасиетін ашып көрсетуді мақсат етеді.

Ал ҚР ҰҒА коореспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің «Құнанбай ісі» атты дерекнамалық зерттеу еңбегі Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаянына қатысты барынша бай дерек көздері – архив құжаттары. Солардың ішінде Омбы облыстық тарихи архивінде сақталған құжаттардың маңызы зор. Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіндегі ең бір күрделі кезең – оның үстінен іс қозғалып, ұзақ уақыт тергеуде болатыны, соның зардабынан Омбы қаласына дейін шақырылып, мырзақамақта отыратыны, ықтиярсыз тергеуде астында жүретіні. «Құнанбай Өскенбаев ісі» осы кезеңдегі оқиғаларды суреттейді. Жинақта Қ.Өскенбаев пен оның інісі Майбасардың қылмыстық ісіне қатысты мән-жайларды анықтап беретін тарихи деректер бірізге түсіріліп, жүйеленіп берілген.