20 жел, 2020 сағат 09:48

Елордада «Тoyota Lаnd Cruiser» бойжеткенді қағып, мерт қылды

Кеше кешкісін елордада жол талғамайтын көлік бойжеткен қызды қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«19 желтоқсанда «Тoyota Lаnd Cruiser 200» көлігін тізгіндеген 53 жастағы жүргізуші Иманов көшесі жақтан Әуезов көшесіне қарай келе жатып, бұрылыс кезінде бағдаршамның рұқсат етілген жасыл түсіне өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. 19 жастағы елорда тұрғыны алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Куәландыру нәтижесінде жүргізушінің мас болмағаны анықталып, қамауға алынды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта. 

Ведомство мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Осы орайда Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті көлік құралдары жүргізушілерін жолдардың көктайғақ болуына байланысты қозғалыс кезінде барынша сақ болуға, жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстауға және жаяу жүргіншілер жолағы алдында барынша абай болуға шақырып отыр.