06 қар, 2021 сағат 13:25

Елордада таксист мас жолаушының алтын сағатын ұрлаған



Елордада такси жүргізушісі мас жолаушының 550 мың теңгелік алтын сағатын ұрлаған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Анықталғандай, үйіне қонақтан мас күйде оралған елорда тұрғыны қолындағы 550 мың теңгелік «Яшма» маркалы алтын сағаты жоқ екенін байқаған.


«Түнгі уақытта ер адам «Тойота Камри» маркалы автокөлікті тоқтатып, такси жүргізушісімен келісіп, артқы орындыққа отырып жолда ұйқыға кетеді. Келісілген мекен-жайға жеткенде жүргізуші ұйықтап кеткен жолаушысын оята бастайды, сол сәтте оның қолындағы алтын сағатқа көзі түсіп, оны қолынан шешіп алып қалтасына салады. 


Содан кейін такси жүргізушісі ер адамды оятып, көліктен түсіріп өзі жүріп кетеді. Үйіне келгенде алтын сағатының жоқтығын көрген жәбірленуші, полицияға шағымданады.


Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері жеке тасымалдаумен айналысатын 40 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, заттай айғақ тәркіленіп, елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.


Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті құнды заттарды қараусыз қалдырмауды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.