18 мау, 2020 сағат 12:20

Елордада сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары анықталды

Елордада сұранысы ең жоғары 17 жұмысшы мамандығы анықталды. Биыл олар бойынша қысқа мерзімді тегін курстар өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Атамекен» палатасына сілтеме жасап.

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек «өнімді еңбек пен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтарды оқыту «Атамекен» ҰКП жанындағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл тізімге 80 оқу орталығы кіреді. Оның 54-і кәсіпорындар, 7-еуі коледждер, 3-еуі қауымдастықтар жанында орналасса, 16-сы дербес жұмыс істейді.

«Елорда әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осы жылы дайындық жүргізу жоспарланған мынадай сұранысқа ие мамандықтар кіріп отыр: аспаз, кондитер, наубайшы, бақылаушы-кассир, тәрбиеші көмекшісі, тігінші, шаштараз, анимация-видеографика, жиһаз жасаушы, ағаш сырлау цехының шебері, электр-газ дәнекерлеуші, электр ұстасы, газ құрал-жабдықтарын құрастыру және жөндеу ұстасы, жартылай автоматтандырылған машинадағы электр дәнекерлеуші, арматурашы және монтаждаушы», - деді Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директор Алматы Жүнісов.

Оның атап өтуінше, 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасымен елордада 200 адам қамтылатын болады. Білім алатын азаматтарға мемлекет тарапынан шәкіртақы түрінде қолдау көрсетіліп, оқуын ақятағаннан кейін жаңа бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін грант беріледі.