Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жаңбырда елорда көшелерін су басу мәселесі қалай шешілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нөсер кәріздері бойынша өте өзекті мәселе бар. Оған көп шағым түсті. Бауыржан Момышұлы даңғылында проблемалық учаскелер бар. Біз құбырларды екі есеге кеңейттік, қосымша сорғылар қойдық, кәріз-тазарту орындарын кеңейттік, бірқатар жергілікті кәріз-тазарту құрылыстарын салдық, осылайша Бауыржан Момышұлы даңғылы, Ұлы дала, Тұран даңғылы, Республика даңғылы, Бараев көшесі бойынша проблемалық мәселелерді шештік. Мұндай орындар әлі де көп. Ең басында 130 су басу орны анықталған еді», - деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, бұл мәселеде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы компания күн сайын кәріз құбырларын тазартумен айналысады. Тек биылдың өзінде кәріз құрылыстарынан 35 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
