Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауын іске асыру мәселелері туралы ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
«Саяси тұрақтылық, ұлттық қауіпсіздік және ел азаматтары алдындағы биліктің жауапкершілігін арттыру Мемлекет басшысы саясатының негізгі бағыттары болып саналады. Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін билік пен қоғамның тұрақты диалогын құру негізінде жатыр», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев ғылыми-практикалық конференцияның ашылуында.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруда үлкен жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Атап айтқанда, экономикалық қорытындылар, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді дамыту, азаматтардың қатысуын кеңейту, бюджеттің фискалдық тұрақтылығы саласында ілгерілеушілік бар. Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларда көрініс тапқан 5 жылға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламалар әзірленді.
«Биыл Қазақстан экономикасы жқсы нәтижелер көрсетіп отыр. Бізде экономиканың өсуі бар. ЖІӨ өсімі маусым айында 2,9%-дан 4,1%-ға дейін жылдамдады, ал 10 айдың қорытындысы бойынша өсім 4,4%-ды құрады. Экономикалық белсенділіктің артуы көбінесе шикізаттық емес сектор өндірісі көлемінің ұлғаюымен негізделеді. Оның ЖІӨ өсуіндегі үлесі 4,4%-дан 3,8 проценттік тармақты құрады. Екі таңбалы өсім жеңіл өнеркәсіпте (+18,9%) және фармацевтикада (+15,2%), сондай-ақ машина жасауда (+18,8%) байқалады», - деді министр.
Жалпы өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Биылғы қазан айында жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ті құрады. Халықтың нақты табысы өсуде.
«2019 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша өсім 6,4%-ды құрады. Инфляция биылғы қарашада айында 5,4%-ті құрады. Жалпы тауар айналымы 70,4 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сауда теңгерімі $15 миллиардтан асты. Экспорт көлемі $42,7 миллиардты, ал импорт $27,6 миллиардты құрады», - деді Руслан Дәленов.