13 қаң, 2021 сағат 18:33

Елордада мүгедек баланың анасын автобусқа отырғызбай қойған жүргізуші жұмыстан кетті

Нұр-Сұлтан қаласында мүгедек баланы автобусқа отырғызып, оның анасын алмай кеткен қоғамдық көлік жүргізушісі жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«№1 автобус паркі кеңесінің тәртіптік қорытындысына сәйкес, 2021 жылғы 11 қаңтар күні №60 автобустың жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау туралы ережені сақтамаған. Оны автобус салонында түсірілген видеожазба дәлелдеп отыр. Автобус жүргізушісінен жазбаша түсініктеме алынды. Автобус паркі кеңесінің шешіміне сәйкес, бүгінде тәртіпті бұзған жүргізушімен еңбек келісімшарты үзілді. Болған оқиға қайталанбау мақсатында барлық автобус жүргізушілер құрамы жолаушыларды қоғамдық көлікке отырғызу және одан түсіру ережесімен қайта таныстырылды», - деді CTS (City Transportation Systems) ЖШС-нің баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова. 

Оның айтуынша, жүргізуші жұмыстан қуылуымен қатар, оған айыппұл да салынды. 

«Нұр-Сұлтан қаласы Әкімшілік полиция басқармасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің №593 бабына сәйкес қоғамдық көлік жүргізушісіне 5 АЕК көлемінде айыппұл салды. Өз кезегінде №1 елордалық автобус паркі әкімшілігі жүргізушінің бейәдеп әрекеті үшін кешірім сұрайды», - дейді ол. 

Еске сала кетсек, осыдан бірер күн бұрын елорда тұрғыны қоғамдық көлікке мүгедек баланы отырғызып, оның анасын тастап кеткені туралы Facebook парақшасында жазған болатын.