21 сәу, 2026 сағат 11:31

Елордада «меф» жасайтын жасырын база табылды


Фото: ашық дереккөз


Астанада синтетикалық есірткі өндіруге арналған ірі қойма әшкереленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде мәлімдеді.


Тәжірибе көрсеткендей, есірткі таратумен айналысатындар синтетикалық және психоактивті заттарды жасырын өндіру үшін түрлі химиялық прекурсорларды пайдаланады. Олар бұл заттарды сатып алу, сақтау және тасымалдаудың құпия жолдарын ұйымдастырып, халық денсаулығына аса қауіпті «меф» пен «жылдамдық» секілді есірткі түрлерін шығаруға әрекеттенеді.


Жедел-іздестіру шаралары барысында елордадағы гараж кооперативтерінің бірінен жалпы салмағы 4 тонна болатын 200 канистра сақталған жасырын қойма анықталды. Аталған канистрлерде синтетикалық есірткі дайындауға қажетті прекурсорлар болған.


Жыл басынан бері, 16 сәуірдегі ресми дерекке сәйкес, заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Мамандардың бағалауынша, бұл көлемнен шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндірілмек болған.


Ішкі істер министрлігі ескерткендей, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін Қылмыстық кодекстің 301-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Аталған бапқа сәйкес, кінәлілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Құзырлы органдар есірткі өндіру мен таратуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.