21 сәу, 2026 сағат 11:18

2 млрд залал: Автожол құрылысына бөлінген қаржы бойынша іс қозғалды

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Анықталғандай, 2023 жылдың тамыз айында қала әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалған.

Алайда мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде орындамай, кестеден жүйелі түрде кешіккен. Тергеу нұсқасына сәйкес, компания директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен алдын ала сөз байласып, нақты орындалмаған жұмыстарды орындалды деп көрсеткен жалған актілерді рәсімдеген.

Осы құжаттардың негізінде мердігердің шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілгені айтылды.

Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.