03 қар, 2021 сағат 17:56

Елордада мас жүргізуші бойжеткенді қағып кетті


Елордада «Lexus» маркалы автокөліктің жүргізушісі Бөкейхан көшесімен келе жатып, жолдың жүру бөлігінен өтіп бара жатқан 24 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжаттарын тексеру барысында полиция қызметкерлері 56 жастағы жүргізушіден ішімдіктің исі шығып тұрғанын байқаған. 

Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша ол мас күйінде болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бойжеткен дене жарақатын алып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілген соң ол ауруханадан шығарылды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 

Сол күні түнгі уақытта куәгерден полицияға «Тойота камри» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізгені туралы хабарлама келіп түсті. 25 жастағы құқық бұзушының ұсталған сәті полицейдің бейнетіркеу құралына жазылып қалған. Медициналық сараптамаға сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежеде мас күйде көлік жүргізген. 

Елордалық полицейлер үш тәулікте 5 мас жүргізушіні ұстаған. Барлық жүргізушілер жауапқа тартылды. 

ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік соттың шешімімен тәртіп бұзушылар 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. Автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды.