Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов отбасы институтын қолдау орталығын ашуды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өз сөзінде Алтай Көлгінов қалада осы уақытқа дейін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қажетті мамандықтарға бейімдеу мәселесі қарастырылмағанын айтты.
«Осыны ескере отырып, осындай орталықты Нұр-Сұлтан қаласында құруды ұсынамын. Орталық алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың мәліметтер базасын жасақтайды. Содан кейін әлеуметтік әлсіз топтарды соның ішінде көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және тағы басқа да мұқтаж отбасылардың мүшелеріне толық әлеуметтік көмек көрсететін болады», - деді ол.
Әкімнің айтуына қарағанда, орталық құқықтық, психологиялық кеңестер беріп, медициналық тексерулерге жолдама ұсынатын болады.
«Отбасы институтын қолдау орталығы аналарға қолайлы болу үшін «Open space» негізінде жасалады және балаларға қарайтын шағын балабақшаның жұмысы ұсынылады. Осы мәселені реттеуді орынбасарым Бақтияр Мәкенге тапсырамын» – деді әкім.