Елорданың мобильдік топтары тәулік ішінде 60-қа жуық кәсіпкерлік нысанын тексеріп, карантин режимін бұзудың 5 фактісін анықтаған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бас санитарлық дәрігердің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы бірқатар алдын алу шаралары көрсетілген Қаулысына қарамастан, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық мекемелері нысандарының әкімшілері мен иелері тарапынан заңбұзушылықтар тіркелді.
Осылайша, түнгі сағат 01:33-да Қосшығұлұлы көшесіндегі «Ajax» компьютер клубында желі ойындарына құмар 10-нан астам адам жиналған. Жас азаматтар бос уақытын алаңсыз өткізіп, санитарлық талаптарды сақтамаған.
Қаладағы «Байқоңыр» ауданының полицейлері, әкімдік өкілдерінен құралған мобильдік топтары рейд барысында Бараев көшесіндегі «Панаехали» барын анықтады. Аталмын нысан түнгі уақытта жұмыс істеген. Мекеме ішінде 30-дан астам адам жүрген. Бұл бар бұған дейін карантин талаптарын бұзғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материал әкімшілік жауапқа тарту және көңіл көтеру мекемесінің қызметін тоқтату үшін тиісті органға жіберілді.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті карантин талаптарын бұзғандардың жауапқа тартылатынын ескертіп, елорда тұрғындарын санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.