19 там, 2021 сағат 18:13

Елордада кәмелеттік жасқа толмаған 22 бала түнгі клубта жүрген


Балалардың бақылаусыз қалуының алдын алу үшін елордалық полицейлер түнде рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ювеналдық полиция учаскелік инспекторлары сағат 22.40-та «Текила» клубында жүрген 22 кәмелет жасқа толмаған жасөспірімді анықтап, полицияға жеткізді. Олар салынған тыйымға қарамастан клубта досының туған күнін атап өтпек болған», - деді елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ҚР Әкімшілік кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. 

Жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында жүргені үшін олардың ата-анасымен бірге көңіл-көтеру орындарының иесі де жауапқа тартылады. Ғимарат иесіне қатысты материал жинақталып, әкімішілік жауапқа тарту үшін уәкілетті органға жіберілді. 

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті ата-аналарға сағат 22:00-ден кейін балалардың бақылаусыз сыртта жүргені үшін жауапқа тартылатынын ескертеді.