11 қар, 2021 сағат 14:30

Елордада «Iphone» телефондары ұрланған сәт видеоға түсіп қалған


Елорданың «Есіл» аудандық полиция бөліміне екі ұялы телефонның ұрлану фактісі бойынша өтініш түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өтініш берушінің сөзі бойынша, телефондарды белгісіз ер адам ұрлағаны түсірілген видео бар. Бейнежазбаны зерттеу барысында елорданың бұрын бірнеше рет сотталған 25 жастағы тұрғыны ұсталды. 

Ұсталған ер адамның күндіз Қабанбай батыр даңғылындағы СПА-салонға кіргені анықталды. Салон әкімшісінің жұмыс орнында болмағанын пайдаланған ол жалпы құны 200 мың теңгені құрайтын түрлі модельдегі екі «Iphone» ұялы телефонын ұрлап, ғимараттан ізін суытты. 

Ұрлық фактісі бойынша сот алдындағы тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазіргі кезде оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы анықталу үстінде. 

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуын ескертіп, жұмыс орындарын қараусыз қалдырмауын сұрайды.