Астана полицейлері техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінен есірткі сатуға бекінген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі 6 келі гашишті жасырып ұстаған 37 жастағы азаматтың ұсталғанын хабарлады.
«37 жастағы ер адам жұмыс орнында ұсталды. Күдіктіден өсімдік күйіндегі есірткі заты бар 7 полиэтилен пакет тәркіленді. Кейін оған тиесілі «Nissan» автокөлігін тінту кезінде тағы 3 полиэтилен пакет табылды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген гашиштің жалпы салмағы 6 келі екені белгілі болды», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Сақшылар есірткіні жеткізу арнасын анықтап жатыр. Жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 32 келіден астам есірткі заттарын тәркілеген.