05 қыр, 2019 сағат 18:41

Елордада Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселелері талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселелерін талқылау бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі. 

Ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде алаңында Агенттік басшысы А.Шпекбаевтың және Білім және ғылым министрі Қ. Аймағамбетовтің төрағалығымен БҒМ құрылымын оңтайландыру мәселесі бойынша кездесу өтті.

Кеңес жұмысына сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі А.Шаимова, Білім және ғылым, Әділет министрліктерінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекеттік органдарды оңтайландырудың басты мақсаты - бәсекеге қабілетті және кепілді еңбекақымен қамтылған тиімді мемлекеттік аппарат құру.

Елбасы атап өткендей: «Жалақыны көтеру бюджеттік шығындарды оңтайландырумен және үнемдеумен байланысты болуы тиіс, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдары да тыс қалмауы тиіс».

Бұл үшін тиісті Жарлық шығарылды («Әкiмшiлiк реформаны одан әрi жүргiзу жөнiндегi кейбiр шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 наурыздағы N 304 Жарлығы).

Бірінші басшылардың мемлекеттік органның штаттық саны мен ұйымдық құрылымын өз бетінше анықтап, үнемделген қаражатты жалақыны көтеруге бағыттауы үшін құқықтық негіз құрылды.

Өткен кездесуде БҒМ жанындағы «Адал білім» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесі Білім және ғылым министрлігінің құрылымына жүргізілген талдау қорытындыларын ұсынды.

Жобалық кеңсе мемлекеттік аппараттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы қызметкерлердің жалақысын жоғарылату және министрліктің функциясын қайталайтын ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін оңтайландыру жөніндегі, әкімшілік шығындарды қысқарту, орталықтағы және өңірлердегі артық  құрылымдық бөлімшелерді қысқарту, басшылар мен орындаушылардың қатынасындағы сәйкессіздікті өзгерту бойынша ұсыныстарды енгізді.

Бұдан бөлек, жұмыс кеңесі барысында шығыстар мен ұйымдастыру құрылымын оңтайландыру есебінен жалақының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген Әділет министрлігінің, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Маңғыстау облысының және Агенттіктің сәтті тәжірибесі таныстырылды. Бұл оңтайландыру нәтижесінде бұрын мемлекеттік қызметтен көбінесе квази-секторға кетіп қалып жүрген үздік мамандарды жалдауға мүмкіндік берді.

Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов БҒМ қызметін оңтайландыру, оның ішінде 27 ЖОО-ны коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанына көшіру және жоспарланған 6 мемлекеттік үлестерді жекешелендіру бойынша басталған жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрі енгізілген ұсыныстарды қолдап, азаматтық қоғам және Агенттікпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайындығын білдірді.д