12 там, 2021 сағат 13:10

Елордада ауыр салмақты жүк көліктерінің салмағы тексерілуде


Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жүк тасымалдайтын ауыр автокөлік құралдарының салмағын бақылау жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушылар жол жабынына және қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін белгіленген жүк параметрлерін қатаң сақтауға тиіс. 

Алайда, автокөлік құралдарының жүргізушілері көліктік бақылаудан жиі жалтарады. 2021 жылғы 18 шілдеден 10 тамызға дейінгі екі апта ішінде жүк автокөлік құралдары жүргізушілерінің тексеру үшін тоқтатқан кезде талапты елемеген 43 жағдай тіркелді», - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап. 

Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК 613-бабына сәйкес бекеттерде (оның ішінде жылжымалы бекеттер де бар) көліктік бақылау қызметкерлерінің талаптарын орындамаған көлік жүргізушісіне 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал талапты бір жыл ішінде қайталап бұзса, алты айға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады. 

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жүк параметрлерін өлшеу үшін тоқтату талаптарын елемеген барлық көлік иелеріне қажетті құжаттарды ұсыну және жағдайды талдау үшін жүргізушілердің келуі туралы талаптар жіберілгенін хабарлайды. 

Көліктік бақылау инспекциясының осы талаптарын орындамаған жүк көліктерінің иелері ҚР ӘҚБтК 462-бабына сәйкес лауазымды адамдардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - делінген министрлік ақпаратында.