Нұр-Сұлтан қаласында ақпараттық технологиялар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында «Anti-Fraud» жедел-алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оны өткізу кезеңінде 25 киберқылмыс анықталған, олардың басым бөлігі – интернет-алаяқтық. Аталған қылмыс түрін жасағаны үшін 8 тұлға ұсталған. Олардың келтірген шығыны 12 млн астам теңгені құраған. Ұсталғандардың үшеуі сайттарда іс жүзінде болмаған тауарларды (автобөлшектер, киім-кешек, ұялы телефондар) сатқан. Алдын ала төлем жасаған адамдарға тауарды бірнеше күннің ішінде үйге дейін жеткізуді уәде етті. Алайда, ақша аударылған соң, жарнамаларын алып тастап, ұялы телефондарын өшіріп тастаған. Алаяқтар жедел-алдын алу шаралары кезінде анықталып, ұсталды.
Басқа ұсталған алаяқтар спорттық ойындарға ақша тігіп, ақшаны көбейтуді уәде еткен, алайда жәбірленушілерден алынған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Олар 50 эпизод бойынша күдікті деп танылды.
Елордада telegram әлеуметтік желісінде жүргізуші куәлігін 60 мың теңгеге жасап беруді уәде етіп, төлемді банк карточкасына жасауды сұраған 26 жасар ер адам ІР-мекен-жай арқылы анықталды.
Сондай-ақ іс-шараларды өткізу кезінде әлеуметтік желіде өзінің қатысуымен болған порнографиялық материалдарды таратып жүрген 18 жастағы ер адам ұсталды. Аталған фактімен ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша сот алдындағы тергеп-тексеру жұмыстары басталды, оның ұялы телефоны алынып, тиісті сараптамалар белгіленген.
Қаланың 28 жастағы тұрғыны жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде арнайы техникалық құралдарға жатқызылуы мүмкін шпиондық құрылғыларды сатып жүрді деген күдікке ілінді. Одан 10 құрылғы алынды, бұл ретте қолында арнайы лицензиялық құжаттары болмаған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен бірге, елорда полициясының қызметкрелері компьютерлік клубтар, сауда орталықтарында ғаламторда кәмелеттік жасқа толмағандар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау және заңға қайшы ақпараттың таратылуын насихаттаудың алдын алу бойынша арнайы рейд шараларын жүргізіп келеді. Суицид, порнографиялық сипаттағы заңға қайшы 43 интернет-ресурс анықталып, жабылды. Тұрғындар арасында әлеуметтік желілерде кибералаяқтықтың жаңа әдістері туралы ескерту жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік роликтер мен буклеттер салынып келеді.
Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері:
Әлеуметтік желілер мен сауда алаңдарында онлайн-келісімдермен байланысты алаяқтық. Пайдаланушылар басқа жарнамалардағы тауар бағаларынан әлдеқайда төмен бағаларға қызығады, сатушы тікелей байланысқа шықпай, сатып алушыны тездетіп, 100-пайыздық жеңілдік жасатуға көндіреді.
«olx.kz жеткізу» жалған қызметімен байланысты алаяқтық. Сатушылармен байланысқан алаяқтар сатып алушының рөлін орындап, «olx.kz жеткізу» жаңа қызметін пайдалануды ұсынады. Ол үшін олар банк карточкаларының реквизиттері мен ЖСН толтыру сілтемесін жолдайды. Іс жүзінде бұл фишингтік сілтеме, ал olx.kz сайтында жеткізу қызметі мүлдем жоқ. Алаяқтар карта реквизиттерін көшіріп алып, ондағы ақшаны шешіп алады.
Банк карточкаларынан ақша ұрлаумен байланысты алаяқтық. Қазақстанның ересек тұрғындарының дерлік барлығында банк карточкалары бар, алайда карта реквизиттерін ешкімге беруге болмайтынын бәрі бірдей біле бермейді. Алаяқтар оларды біліп алу үшін түрлі әрекеттерге барады. Мысалы, карта иелерінің абоненттік нөмірлеріне телефон соғып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстырады. Әңгіме барысында карта бойынша жасалған алаяқтық әрекеттер туралы хабарлап, сенімге кіріп алып, алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін СМС-құпия санды айтуды сұрайды. Алайда алаяқтықтың қолына сіздің банк картаңыздың реквизиттері мен құпия сан түскен соң, бірден ақшаңыздан айырыласыз.
Алаяқтардан алданып қалмау үшін, банк калл-орталықтарының ресми нөмірлеріне телефон соғып, ақпаратты растау қажет екенін еске саламыз. Бейтаныс адамдарға, соның ішінде банк қызметкерлеріне банк карточкаларының реквизиттерін хабарлауға болмайды. Банк қызметкерлерінің карта пайдаланушыларына телефон соқпайтыны және мәліметтер жинамайтынын білген жөн.
Егер сіз интернет арқылы тауар сатып алуды шешсеңіз, алдын ала төлем жасауға асықпаңыз, тауардың бар болғаны мен оның сапасына көз жеткізу, сондай-ақ интернет-дүкен туралы пікірлермен танысып өту керек. Сатушыдан тауарды видеобайланыс арқылы көрсетуін сұраңыз.