Нұр-Сұлтан қаласындағы «Magnum Cash&Carry» бөлшек сауда желілері мен адамдар көп жүретін қоғамдық орындарда тегін маска таратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты маскамен қамтамасыз ету керектігі туралы айтқан болатын, себебі азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 30 мың медициналық маска тарату жоспарланып отыр. Акция сауда орталықтары, қоғамдық көліктердің іші сияқты қаланың адамдар көп жүретін 5 нүктесінде жүзеге асады. Адам басына 5 маскадан беріледі. Карантин режимінің мақсаты – коронавирустың таралу қаупін азайту, сол себепті карантин кезінде бәріңізді үйде отыруға шақырамыз. Қала бойынша 24/7 режимінде жұмыс істеп жатқан 200 волонтер бар. Олар «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына азық-түлік, маска таратуға, сондай-ақ Полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, дәмхана, мейрамханалардың жұмысына рейд жасауға, тиісті органға жедел түрде хабарласып, оның жабылуына көмектесуде», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.
Бұл акция Алматы қаласында жалғасын табады.
«Бүгін акцияны Шымкент қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Шымкентте шамамен 40 волонтер бар. Екі қалада шамамен 60 мың маска таратылады деп жоспарлануда. Осындай акцияны Алматы қаласында да өткізу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.», - дейді Mega pharma компаниясының персоналдармен жұмыс істеу бойынша менеджері Владислав Андреев.
Тегін маска алған қала тұрғындары осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Осы шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға рахмет. Қазір дәріханадан маска табу қиындап кеткен уақытта бұл тамаша көмек болды», - дейді қала тұрғыны Қобыланды Құдакелді.