Елордада 2 мың адамның қатысуымен ұтыс ойынын өткізген кәсіпкерлер қала тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан әкімдігі ресми сайтының мәліметіне сенсек, 7 ақпанда қалада екі мың адамның қатысуымен жаппай іс-шара өткізудің жолы кесілген.
Жаңа филиалдың ашылуына орай «Romantic» гүлдер орталығы лотерея ұтыс ойынын өткізген болатын.
Жаппай іс-шара Мәңгілік ел даңғылында ұйымдастырылды. Салдарынан адам көп жиналғандықтан кептеліс пайда болды.
Ал қатысушылар маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, вирустың таралу қаупін арттырды.
Бұқаралық іс-шараны өткізген ұйымдастырушылар қала тұрғындарынан бейнеөтініш түрінде келтірілген залал үшін кешірім сұрады.
«Romantic» гүлдер орталығы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан кешірім сұрайды. Болған оқиға үшін барлық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Іс-шара өткізу үшін қойылатын талаптар мен бас санитарлық дәрігердің нұсқамасы бұзылды. Қаламызға және жұртшылыққа келтірілген қолайсыздықтар үшін жауапкершілікті көтеруге дайынбыз. Бұл іс-шара әкімдіктің және басқа да мемлекеттік органдардың келісімінсіз өткізілді. Қала тұрғындары алдында кешірім сұраймыз. Біз қалыптасқан жағдайдың ауырлығын түсінбедік«, - дейді гүл орталығының атқарушы директоры Темірлан Кенжебаев.
Еске сала кетейік, дүкен иелері ҚР ӘҚБтК 425-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 230 АЕК немесе 670 910 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Кәсіпкерлер кінәсін мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде өтеуге келіскендіктен, төлем мөлшері 115 АЕК немесе 335 455 теңге болмақ.
7 ақпанда жұмыс режимін бұзғаны үшін «Заречный» моншасы, «Opus One» караоке-мейрамханасы және «Time to smoke» лаундж бары да жауапкершілікке тартылды.