Қала тұрғындары коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда жүрген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында арнайы флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
«Флешмобтың ұраны – «Сіздер үйге тезірек оралу үшін, біз үйде отырамыз». Біз коронавирустың одан әрі таралмауына аз да болса өз үлесімізді қосқымыз келеді. Егер азаматтар біздің үндеуімізге қосылып, карантин режимін қатаң сақтаса, дәрігерлер ауруды тез жеңе алады. #BizUidemiz #bizbirgemiz», – дейді флешмобқа қатысушы Моншақ Жақыпова.
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, инфекцияның алдын алу және салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында медицина қызметкерлері қонақ үйлерге орналастырылды.
Сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін үш мезгіл тамақ пен арнайы көлік қарастырылған. Наурыз айында коронавирусқа қарсы күресте белсенді жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлеріне 153,1 млн теңге көлемінде сыйақы төленді. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауда және инфекцияға қарсы шаралар толықтай жүзеге асуда.