02 қар, 2020 сағат 17:50

Елорда соты адам ағзасын заңсыз трансплантациялаған дәрігерге үкім шығарды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам ағзасын заңсыз ауыстыруға қатысты істі қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық сотының мәліметінше, Б.Тайсалованың 2017-2018 жылдары аралығында Қазақстандағы шетелдік компанияның мүдделерін білдіре отырып, қазіргі уақытта халықаралық іздеуде жүрген адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткені анықталды. Б.Тайсалова оларға тірі адамдардың органдарына қатысты заңсыз мәмілелер жасауға көмектескен. Бұл ретте, донор мен реципиенттің туыстық байланыстары туралы жалған құжаттарды пайдаланып, нотариалды ресімделген келісім туралы өтеусіз мәлімдемелерді Қазақстанның медициналық мекемелеріне ұсынған. Солардың негізінде ағзаларды ауыстырып орналастыру жүргізілген.

Сондай-ақ трансплантацияны жүзеге асыратын дәрігерлер Г. Құттымұратов пен А.Донбай құжаттардың жалғандығы туралы білмейтіні анықталды. Ағзаларды ауыстырып орналастыру бойынша барлық операциялар тиісті құжаттарды ресімдей отырып, ресми түрде жүргізілген. Операцияларға ақы төлеу медициналық мекеменің бухгалтериясы арқылы орын алған.

Осыған байланысты Құттымұратов пен Донбай ағзаларды заңсыз ауыстыруда кінәсіз деп танылды. Алайда, Құттымұратов жүргізген ағзаларды ауыстырып салу операциясынан кейін пациент ВИЧ жұқтырған, яғни соңғысы өз міндеттерін тиісінше орындамаған.

Тайсалова ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 116-бабының 2-бөлігі 3,4-тармақтары, 385-бабының 3-бөлігі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды (жаза 6 жыл 8 айдан аспауы керек). Құттымұратов ҚК-нің 317-бабы 5-бөлігі бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды (барынша ең жоғары жаза).

Үкім заңды күшіне енген жоқ.