Елорда полицейлері өткізген жедел шаралар кезінде Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті.
Күндізгі уақытта мемлекеттік емханада жүрген жігіттің гардеробшының жоқ екенін пайдаланып, бағасы жарты миллион теңгені құрайтын тонды ұрлап кеткені анықталды. Одан кейін ұрлаған тонды сауда үйінің дүңгіршіне сатып жіберген.
Аталған қылмыстық іс бойынша «ұрлық» бабымен сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азамат өз кінәсін мойындады, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы тексерілу үстінде. Ұрланған тон дүңгіршектен алынып, иесіне қайтарылды.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды кеңес етеді.