16 ақп, 2021 сағат 18:05

Елорда бюджетінің орындалуында елеулі кемшіліктер болған - комиссия

Елордада вакцина мен басқа да медициналық препараттарды сатып алуға бөлінген қаражат толық игерілмеген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бойынша мемлекеттік аудит барысында 1 желтоқсандағы (2020 жылғы) жағдай бойынша вакциналарды және басқа да медициналық препараттарды орталықтандырылған сатып алуға және сақтауға бөлінген 421,5 млн теңге бюджет қаражаты игерілмеген», - деді И. Ақпомбаев Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында. 

Бұған дейін спикер тексеру комиссиясы тұрақты негізде елордада бюджеттің орындалуына мониторинг жүргізетінін айтқан еді. Талдау көрсеткендей, елорда бюджетінің орындалуында елеулі кемшіліктер болған. 

Оның айтуынша, бюджет игерілмеуінің негізгі бөлігі құрылыс басқармасында байқалған. Бюджеттің орындалуы кезінде сын-тәуекелдер анықталмаған және 6 283,1 млн теңгені, оның ішінде дағдарысқа қарсы 3 955,3 млн теңгені игеру бойынша шара қабылданбаған.