02 қыр, 2020 сағат 15:30

Елорда әкімі Президенттің Жолдауы бойынша әкімдік жұмысының бағыттарын атап өтті

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша актив жиынын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Биыл мемлекеттік аппарат штаты 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқарады. Қысқарту цифрландыру мен мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды ескере отырып жүзеге асырылады. «Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін учаскелік полиция қызметкерлерінің саны 224-ке көбейеді, 40-тан астам учаскелік пункттер ашамыз. Жергілікті бюджетті оңтайландыру 36 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. Үнемделген қаражат маңызды салаларға бағытталды: экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымды дамыту – 26 миллиард теңге, әлеуметтік салаға – 10 миллиард теңгеден астам. Жыл соңына дейін біз бірқатар басқа кәсіпорындарды оңтайландыруды және нысандарды сенімгерлік басқаруға беруді жүзеге асырамыз»,- деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының еліміздің жаңа экономикалық бағытының 7 негізгі қағидасын еске салды. 

«Өнеркәсіпті және ШОБ-ті қолдау үшін мемлекет салық жеңілдіктерін жасап, төлемдерді кейінге қалдырды және жеңілдік шарттарымен несиелерді қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге ШОБ-қа берілген барлық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені 6%-ға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргіземіз. Біз Жұмыспен қамту Жол картасы жобаларын жергілікті қамту үлесін 90%-ға дейін жеткіземіз. Аймақтық инвестициялық кеңестердің жұмысын қалпына келтіру оң нәтиже берді: азаматтар мен қалаға қажет жобаларды қолдаймыз, әр инвестормен жеке жұмыс істейтін боламыз және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмысты жалғастырамыз. АХҚО әлеуетін пайдалану туралы тиісті меморандумға қол қойылды», - деді өңір басшысы.

Айта кетсек, елордада тұрақтандыру қоры құрылып, бөлшек сауда желілеріне жеңілдікпен несие беру жұмыстары жүргізілді – бірқатар ірі сауда желілері мен базарлар «айналым механизмі» жобасына қатысуда. Осы мақсаттарға 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Осылайша, нарық қатысушыларына қолдау көрсетіліп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасы тұрақтандырылуда.

«Бүгінде барлық қаржыландыру көздері есебінен қалада 3,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Біз халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімді тұрғын үй сегментіне баса назар аударудамыз.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе артты. Біз сондай-ақ Қазақстандық ипотекалық компания, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлескен жұмыс жүргізудеміз»,- деп тоқталды Көлгінов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, күзгі ЖРВИ маусымы мен коронавирусқа қатысты ахуалдың күрделенуі мүмкін екенін ескере отырып, медицина мекемелері дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен және қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар бірқатар медицина ұйымдарының инфрақұрылымын салу және қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Елордада биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп -12 білім беру мекемесі салынады. Қазірдің өзінде олардың алтауы ашылған. Бұл жұмыс алдағы жылдарда да жалғасын табады – 2021 жылы 20 мың оқушыға арналған тағы 12 мектеп салынып, пайдалануға берілмек. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 26 білім беру нысаны жөнделетін болады.

Қашықтан оқытуды ескере отырып, бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың балалары компьютер және роутермен қамтамасыз етіледі. «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға көтерілді. Балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша жұмыстарға ерекше назар аударылады.

Кәсіби спортқа бөлінген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамытуға бағытталады. Спорт алаңдары бар 150 ауланы көгалдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. 4 үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты манежі салынып жатыр. Сонымен қатар Толқын, Қазақстан спорт кешені, Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион және басқа да бірқатар спорт нысандары күрделі жөндеуден өткізілетін болады.

Сонымен қатар әкім экологияны жақсарту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Бірінші – Елбасының тарихи жобасы – қаланы газдандыру. Алдағы жылу беру маусымының өзінде Железнодорожный, Промышленный, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптары, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарының бір бөлігінің тұрғындары үйлерін газбен жылыта алады.

Осы жылдың басында желіге 100-ге жуық электр автобусы шығарылды. Артықшылықтары – экологиялық таза және қоршаған ортаны зиянды заттармен ластамайды. Сонымен қатар, электр автобустардың саны жеке қаражат есебінен көбейтіледі. Биыл 33 мыңнан астам ағаш отырғызылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға артық. Сонымен қатар Талдыкөл және Майбалық көлдеріне іргелес аумақтарда экопарктер құру өте маңызды. Бұл аймақтар биоалуантүрлілікті сақтай және арттыра отырып, экотуризмді дамыту орталығына айналуы мүмкін, - деп атап өтті ол.

«Нұр-Сұлтанда цифрландыру шеңберінде 160 мемлекеттік қызметтің бүгінде 133-і (83%) автоматтандырылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтер 100% электронды форматқа көшіріледі. Сонымен қатар бүкіл қаланы цифрландыру бойынша инженерлік желілер, геоақпараттық портал құру, тұрғын үй секторындағы қызметтерді автоматтандыру және «Қауіпсіз аула» жобасы да іске асырылуда. Ал азаматтарды қабылдау тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Өткен жылы 11 мыңнан астам адам қабылданды. Сондай-ақ тиімді кері байланыс үшін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды», – деп сөзін түйіндеді елорда әкімі Алтай Көлгінов.